Темекіні тастаудың ең тиімді жолдары - Мамандар кеңесі
Темекіні тастаудың ең тиімді жолдары - Мамандар кеңесі

Ресми деректерге қарағанда, елімізде 4 миллионнан аса шылымқор бар. Халықтың біршама бөлігі әлі күнге дейін никотинге тәуелділіктен зардап шегіп жатыр. Мамандардың сөзіне сүйенсек, темекі тарту адамдағы белгілі бір психикалық бұзылуды білдіреді екен. Яғни, бұл шылым шегушінің никотинге не психологиялық не физикалық тәуелділігі бар екенін айтады. Темекі тәуелділігінен зардап шеккендермен жұмыс істейтін жоғары дәрежелі дәрігер-нарколог Елена Хартиади қазір елімізде шылымға тәуелді адамдардың саны азаймай жатқанын айтады. Осы ретте маман Tengrinews.kz тілшісіне тәуелділікке ұшырағандарды қалай емдеуге болатынын және темекіні бірден тастаған соң қандай да бір кері әсер болуы мүмкін бе, жоқ па - осы мәселе жайлы айтып берді.  10 жылдан аса еңбек өтілі бар маманның айтуынша, оған көбіне 20-45 жас аралығындағы клиенттер келеді.  "Қазіргі уақытта клиенттерімнің орташа жасы - 20-45. Бұл көрсеткіш аса өзгере қойған жоқ. Дегенмен біз, дәрігерлер, мамандар, темекі тәуелділігімен күресу мақсатында түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып жатырмыз. Мысалы, бүгінде кодтау әдістері, яғни дәрі-дәрмекпен кодтау немесе психотерапевтік кодтау әдістері жиі қолданылады", - дейді нарколог. Айтуынша, темекі тәуелділігі созылмалы ауру болып саналады. Никотин тәуелдігін дәрі-дәрмектермен емдеудің де бірнеше түрі бар екен. Бірақ, дәрігердің сөзіне сүйенсек, бүгінде темекіден арылуға көмектесетін дәрі-дәрмектер қалтаға салмақ салады. "Арнайы препараттар 10-20 мың теңгеден басталады. Одан да қымбаттары бар. Дегенмен темекі шегетін адам, мысалы, бір күнде бір қорап темекі шегуі мүмкін, ол 500 теңге тұрады. Сол ақшаны көбейтсек, емнің жалпы бағасынан қымбат шықпайды деп айтуға болады", - дейді дәрігер. Ал темекіні тастаудың кері әсерлері жайлы сұраққа маман олардың көбіне миф екенін және оның әр адамның организміне байланысты екенін айтады. "Темекі шегуді тастаудың кері әсерлері көп екені жайлы естіп жатамыз. Мұның барлығы әр адамның организміне байланысты. Жалпылай ештеңе айтуға болмайды. Темекіні бірден тастаған адам салмақ қосады дегенді жиі еститініміз рас. Бірақ мұның барлығы ойлап табылған сөздер, ол - миф", - дейді Елена Хартиади. Бірақ маман темекіні өз бетінше тастаудың қажеті жоқ екенін ескертеді. "Медициналық тұрғыдан алып қарасақ, науқас бірден зиянды әдетінен арылған кезде созылмалы аурулары асқынатын жағдайлар аз емес. Сол себепті дәрігердің арнайы ем жазып, науқасқа сәйкес келетін емдеу әдісін таңдауы өте маңызды", - дейді нарколог. Ал психолог Раушан Каримова өз кезегінде дәрігердің көмегінсіз, ешбір ем алмай-ақ зиянды әдеттен арылуға болатынын айтады. "Темекі шегуші никотинді бастапқыда тынышталып, көңілін жайландыратын құрал ретінде санайды. Кейін ол әдетке айналады. Қолы босаған сәтте ол темекі шегіп қалғысы келеді, яғни организм никотиннің белгілі бір мөлшерін талап етеді. "Темекіні тастау өте қиын. Ол тәуелділікті жеңу оңай емес" дейтіндер көп. Дегенмен оны ешбір ем қабылдамай-ақ, бар ынтаны салып зиян әдеттен арылуға болатынына кепіл беремін", - дейді Каримова. Осы ретте 16 жыл бойы темекі шегіп, кейін одан бас тартқан алматылық 35 жастағы Динараны дәлел ретінде айта аламыз. Динараның айтуынша, ол ЖОО-ға түсе алмағандықтан, күйзелісті жеңу мақсатында темекі тарта бастаған. "Мектеп бітірген соң грантқа түсе алмадым. Күйзеліске ұшырадым. Осы кезде өзімізді тыныштандырғым келді ме,  білмеймін темекі шегіп көргім келді. Содан колледжге түсіп, онда 4 жыл бойы күнделікті кем дегенде 5-6 темекі шегіп жүрдім. Сосын жұмысқа орналастым, бірақ онда темекіні аз шектім - себебі әріптестерім темекі шегетінімді білмегенін қаладым. Сондықтан таңертең үйден шығып бара жатқанда 2 темекі және жұмыстан келе салып әдеттегідей темекі шегіп жүрдім. Осылай 10 жыл уақыт жұмыста жасырып жүрдім. Кейін дұрыс тамақтанбай, тек темекі шегіп, кофе, газдалған сусындар өте көп ішіп жүргендіктен болар, гастрит пайда болды. Ауруханаға түстім. Қатты ауырдым. Өлім кетем бе деп ойладым. Содан ауруханадан аман-есен шығып, енді темекі шекпеймін деп өзіме сөз бердім. Бұдан бөлек, өзімнің жеке проблемаларыма байланысты психологқа барып көрдім. Содан кейін ғана мен темекіден толықтай бас тарттым деп айта аламын", - дейді алматылық Динара. Ал астаналық 24 жастағы Жанардың айтуынша, ол басқа қалаға көшіп, онда жаңа достарымен темекі шегуді әдетке айналдырған. "Темекі шегуді жоғары оқу орнын бітірген соң бастадым. Оқуды Астанада аяқтадым, бірақ кейін Алматыға көшуімен байланысты онда пәтер жалдап тұруға тура келді. Содан пәтер таптым, ал онда тұратын 3 қыздың барлығы да темекі шегеді екен. Мен де оларға қызығып, шегіп көргім келді. Осыдан басталды. Бастапқыда бір пачкасы маған 3-4 күнге жететін, кейін тіпті 2 күнге жетпей қалатын. Бірақ, кейіннен байқағаным, қақырық пайда бола бастады және жөтелім күшейе түсті. Содан өзімді жайсыз сезіне бастадым. Қасында адамдар тұрғанда қайта-қайта түкіріп тұрған да ыңғайсыз ғой. Осыдан кейін мен темекі шегуді қоюға бел будым. Әрине, бірінші күннен қойып кеттім деп айта алмаймын, бірте-бірте әдеттен арылдым. Сосын бірден жөтелім де тоқтады", - дейді екі жылдан кейін зиян әдетінен арылған Жанар.

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
6 лет назад 2561
0 комментариев