Түркістанның соңғы әулиесі – Әбул-ас ибн Әбілхайыр әт-Түркістани
Түркістанның соңғы әулиесі – Әбул-ас ибн Әбілхайыр әт-Түркістани

Тоқсаныншы жылдары Түркістанға оқуға барғанымызда, құбылаға қарап жығылғанның бәрі Мақсұм бабаны пір тұтатын. Жұма сайын мешітте басына сәлде ораған, қаптал шапанды қарияны сыртынан ғана көретінбіз. Ойлы көздері, нұрлы өңі, асықпайтын баяу қимылы, жұрттың алқалауына мән бермейтін қарапайымдылығы қарияның тегін адам емес екенін бірден аңғартатын. Тура бетпе-бет келіп жолыққаныңда көксіл кейпі ішіңді оқып, түп-тұқияныңды түгел біліп тұрғандай сезілетін. Барлап барып, қысқа қайырып сөйлейтін ғадеті ердің құнын екі ауыз сөзбен шешетін бағзының абыздарындай әсер қалдыратын.

Мешіт жағалап намазхандармен аралас-құралас бола бастағанымызда, үлкендер Мақсұм бабанының «хәл ілімін» игергені жиі айтып отырушы еді. Намаздың үкімдерін енді үйреніп жүрген біз пақыр ол уақытта «хәл ілімінің» не екенін де ұқпаушы едік. Әйтеуір, іштей Мақсұм бабаның қадір-қасиеті мол, телегей-теңіз ілім иесі екенін айтатын болар деп топшылайтынбыз.

Кейін келе жұрт Мақсұм бабаның әулиелігі туралы оқиғаларды баяндағанда, жұрттың «хәл ілімі» деп кісі баласының дегдарлығын айтатынын түсіндік. Дін әлемі құшағына тартқан сайын ескі киіз кітаптарды оқып келіп, рухани бұл мақамдағы кісінің әрбір істің ар жағындағы хикметін көре алатын жүрек көзі ашық болатынын ұқтық. Қазақтың «көкірек көзі ояу» деген сөзі бәлкім осы хәл ілімінің шыңына шыққандарды бейнелеу үшін айтылған болар.

Дүрбелең дәуірде ғұмыр кешкен дүр-текті жан

Әсілінде, Мақсұм бабаның азан шақырылып қойған есімі Әбул-ас. Ол 1904 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Ызғар ауылында дүниеге келген. Ата-тегі қазақ халқына ежелден дін үйреткен Сунақ елінен, ал әкесі Әбілхайыр ишан Бұқарадағы Мір-әмір медресесінде 20 жыл діни білім алып, ауылына келіп бала оқытқан, өз заманының діни ғұламасы еді.

Әбул-ас алғашқы діни білімді өз әкесінен алады. Тоғыз жасынан бастап діни құлшылықтарды атқарып, араб тілі, сира, кәлам, фиқһ, хадис, тәпсір және т.б. исламдық пәндерді оқи бастайды. Алайда, Әбул-ас ержеткен шақта, Кеңес үкіметі орнап, дінге қысым көрсетіледі. Сонда да Әбул-ас әкесінен діни білім алуды жалғастыра береді.

Кеңес үкіметі 1929 жылы «Діни бірлестіктер туралы» қаулы қабылдап, діни рәсімдер атқаруға және діни білім беруге ада-күде тыйым салады. Қазақстанда жүргізілген Голощекиннің «кіші октябрь» реформасы қазақ халқының дәстүрлі өмір сүру шаруашылығына салқынын тигізіп, оның соңы елді алапат аштыққа ұшыратады. Осы кезде Әбілхайыр ишан жан сақтау үшін бала-шағасын алып, Өзбекстанға үдере көшеді. Онда Қашқадария облысы Яккабак ауданына барып тұрақтайды.

Ол кезде жасы 26-ға келген Әбул-ас отбасын асырау үшін астық жинайтын қамбаға арбакеш болып жұмысқа тұрады. Бірнеше жылдан кейін бастықтары Әбул-астың адалдығын ескеріп, оны қамбаға қоймашы етіп жұмысқа тағайындайды. Осында жүріп түбі жаңақорғандық Киікші руынан Жібек Шегебайқызымен шаңырақ көтереді.

Әбул-ас Қашқадарияда жүріп бұрын Бұқара хандығының әмірі болған Әлім ханның діни істер бойынша хатшысы Салих Мақсұммен танысып, оған шәкірт болады. Салих Мақсұмнан жасырын түрде 15 жыл сабақ алады. Әкесінен алған ілімін одан ары қарай жетілдіріп, араб тілі, парсы тілі, шағатай тілдерін терең меңгеріп шығады. Ханафи мәзһабына тән классикалық кітаптардың бәрін оқып тауысады. Шариғат ілімдерін игеріп болған соң хәл ілімін меңгеруге ықылас қояды. Осы кезде Қашқадарияда тұратын Нахшбандия тариқатының құпия пірі Абдрахман ишанмен танысады. Әбул-ас көп кешікпей Абдрахман пірге қол тапсырып, ұстазы қайтқанға дейін одан хәл ілімін үйренеді.

Әбул-ас 1950-шы жылдардан кейін Яккабақтағы ауылында жасырын түрде бала оқыта бастайды. Әуелгіде оның ғұламалығы Яккабаққа, сосын Қашқадарияға тараса, кейін Әбул-ас күллі Өзбекстанға танылады. Оның сұқбатында болып, сабақ алған Тұрғын ишан, Мансұрхан ишан, Мулла Абдуллах, Мулла Досмұхаммед (бұрынғы Өзбекстан мүфтиі Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуфтың ұстазы) қатарлы дін ғұламалары болады. Алыс-жақын елдерден Әбул-асты арнайы іздеп келіп, діни сұқбат құратын ғұламалардың саны көбейеді. Яккабақ ауданының басшылары Әбул-асты ерекше құрметтегендіктен, сондағы қазақтар тұратын қышлаққа ресми түрде «Жамбыл» деп қазақша ат қойып береді.

Туған елге оралу

Әкесі Әбілхайыр ишан 1953 жылы қайтыс болған соң Әбул-ас туған жері Жаңақорғанға жиі келіп-кетіп тұрады. Түркістан қаласы «Хилует» мешітінің діни қызметкері Абдуқадыр қаримен 1957 жылы танысып, екеуі жиі діни сұқбаттар құрып, тұрақты байланыс жасайды. Ақыры туған жерге деген сағынышын баса алмай 1971 жылы зейнетке шыққаннан соң елге біржолата көшіп келеді.

Алғашқыда, Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласына келіп тұрақтайды. Әзірет Сұлтанға жақын тұру үшін 1976 жылы Түркістан қаласына қоныс аударады. Осында тұрып, өмірден өткенге дейін 300-ден астам шәкірт тәрбиелеп шығады.

Кеңес үкіметі 1970-шы жылдары «Варшава фактісі» ұйымына араб елдерін тарту үшін халықтың ислам дінін ұстануына біршама кеңшілік бере бастайды. Осы жылымықтан кейін Түркістан қаласындағы Әзірет Сұлтанға зиярат етушілердің саны күрт өседі. Алыс-жақын елдерден келген зияратшылар «Қазақстанда ислам діні дамымай қалған екен» деген теріс пікірде болмасын деп, Қазият басшысы Р. Нысанбайұлы Әбул-астың ғұламалығын ескеріп, оны 1984 жылы Түркістан қаласы «Хилует» мешітіне наиб-имам етіп тағайындайды. Жергілікті жұрт ғұламалығына тәнті болып оны «Мақсұм баба» деп атай бастайды. Әбул-ас Түркістанға келген бірқатар айтулы ресми тұлғалармен және дін ғұламаларымен жолығып, талай рет мәжіліс жасайды. Келген қонақтар түркістандық қазақ имамның ғұламалығына тәнті болып қайтатын.

Әбул-ас Нахшбандия тариқатының пірі Абдрахман ишаннан иджаза алған құпия пір болатын. Осы себептен, шәкірттеріне діни іліммен қатар хәл ілімін үйретуге тырысады. Ол 1980-шы жылдары Хусайния-Мужаддадия тариқатының пірі Ибрахимжан ибн Маматқұл әл-Қоқандимен кездеседі. Екі пір бұл дүниеден қайтқанға дейін бір-біріне құрмет көрсетіп өтеді. Ибрахимжан ибн Маматқұл әл-Қоқанди Құсшы атаға келсе, алдымен Мақсұм бабаға соғып, сәлем беретін. Қайтарында да Мақсұм бабаның батасын алмай кетпейтін. Сондай-ақ, Мақсұм баба Орталық Азияға танымал Р. Нысанбайұлы, Абдулқадыр қари, Көр қари, Әбубәкір қари, Мамун Мақсұм, Сұлтанқұл Мақсұм, Сабыр домла, Сәрсенбай молда, Дүйсен молда, Сыздық молда, Молда Берді-Рахман, Қасым ишан, Молда Тілеу, Қ. Ахметов, Абдулла қажы, Насруддин баба және т.б. ғұламалармен және діни қайраткерлермен жылы қатынаста болады.

Қартайып шау тартқан Мақсұм баба денсаулығына байланысты 1996 жылы мешіттегі имамдық қызметтен босайды. Одан кейін үйінде бала оқытып, көпшілікке уағыз-насихат айтады. Алла нәсіп қылып, 2000 жылы 96 жасында Меккеге аттанып, қажылық парызын өтейді.

Негізінен Мақсұм бабадан көбіне-көп Өзбекстан азаматтары діни білім алған. Нахшбандия тариқатының хәл ілімін үйретуді жалғастыруға өзбекстандық мүриті Мулла Досмұхаммедке шатырхат береді. Ал Қазақстанда оның діни тәлім-тәрбиесін алған Д. Рысбаев, К. Мурзабаев, С. Олжабаев, А. Керімбеков, О. Елеуұлы, Б. Абдусаттаров және т.б. азаматтар бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінде діни қызметтер атқаруда. Өз немересі Исмайыл қари Әбілхайыров пен бел шәкірті Қ. Салықбаев елімізге танымал теолог-мамандар.

Мақсұм баба бірнеше діни  кітаптар жазғанымен, олардың ішінде 1992 жылы «Фиқһул Кайдани» атты кітапқа шарх жасаған еңбегі ғана жарық көреді. Қазіргі уақытта Түркістан қаласында тұратын кіші ұлы Ибрахим Әбілхайыровтың қолында Мақсұм баба жазған онға тарта кітаптардың қолжазбасы сақтаулы. Олардың ішінде «Фиқһул Акбар» мәтініне шарх» секілді кәлам іліміне қатысты маңызды қолжазабалар бар. Шағатай тілінде жазылған аталған қолжазбаларды қазақ тіліне тәржімалап, басып шығару алдағы күндердің еншісінде тұр.

Түйін

ХХ ғасырда Кеңес үкіметіндегі дін мамандарының үстінен құс ұшырып, астынан ит жүгіртіп қойған алмағайып заманда Хақ діннің туын жықпай, тік ұстаған Әбул-ас ғұлама 2003 жылы 99 жасына қараған шақта қайтыс болды. Хәл ілімінің бәйтерегі құлаған шақта, оның жаназасына Орталық Азия елдерінен келген 5000-нан астам адам қатысады. Азалы жиында ауғанстандық молда Мұхаммед Тілеу: «Бүгін Хақ діннің тірегі құлап түсті!» – деп әрі қатты қайғырып, әрі түркістандық ұлы ғұламаның лайықты бағасын берген болатын.

Мұхан ИСАХАН

Суретте: Әбул-ас ибн Әбілхайыр әт-Түркістани (ортада) Өзбекстан ғұламаларымен мәжілісте.

kazislam.kz

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
3 года назад 1949
0 комментариев