“Ысырапқа қарсы”: Жапония тұрмыс қалдығын қалай сұрыптайды?
“Ысырапқа қарсы”: Жапония тұрмыс қалдығын қалай сұрыптайды?

ұрмыс қалдығын жинап, оны қайта өңдеу мәселесі жиі айтылып жүр. Бұл жолда біз дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене аламыз. Baribar.kz Жапониядағы Токай университетінің докторанты, экология тәрбиесі бойынша инструктор Сәуле Жолдаяқованың көмегімен жапондардың қоқысты қалай реттейтіні, қайта өңдеу мәдениеті қандай екені туралы әңгімелейді.

Сәуле Жолдаяқованың Жапонияда жүргеніне 10 жыл болды. Күншығыс елінде Сәуле Қазақстанда қолдануға болады-ау деген баламалы энергия көзі мен қалдықтар мәселесі бойынша ізденіп жүр. Эколог-инженер жапондардың табиғатқа, тұрмыс қалдығына көзқарасын күнделікті зерттеп, байқап жүреді.

Жапондардың табиғатқа көзқарасы мен қарым-қатынасын “和” (уа), яғни “үндестік” деген философиясынан байқауға болады. Мұнда табиғатпен үндестікте өмір сүру, оған жақын болу, жыл мезгілдеріндегі құбылыстарды, мәселен, көктемде сакураның гүлдеуін, күзде жапырақтың алқызыл түске боялуын, Фудзи шыңынан күн шуағы көрінетін сәтті тамашалау салты ежелден қалыптасқан, – дейді Сәуле Жолдаяқова.

Дегенмен екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өндіріс күрт дамиды. Осының кесірінен “когай мондай” деп аталатын экология апаты көп болды. “Когай мондай” сөзі “ластану проблемасы” деп аударылады. Олар осы терминмен адам қолымен жасалған экология аппаттарын айтады. Зауыттан шығатын зиян қалдық ауа мен суды ластай бастады. Өзенге түскен қатерлі зат әуелі балыққа, сосын адамға әсер еткен, нәтижесінде түрлі ауру тараған. Сынап, күкірт диоксиді, кадмий ауа мен суға жайылып, Жапония тарихында үлкен экология апаттары болады. Осыдан кейін мемлекетте өндірістен шығатын зиян қалдықтарға мониторинг жасау, бөлінетін зиян заттың нормасын қатаң қадағалайтын заңнамалар пайда болды.

Жапон халқының табиғатқа зиян келтірмеу ұстанымы “моттайнай” деген өмір салтынан байқалады. Бұл сөздің қазақша баламасын “ысырап” немесе “обал” деуге болады. Біз үшін де жат емес түсінік. Бұл өмір салты бойынша табиғи ресурстарды қажетінен артық қолданбаған дұрыс болып есептеледі. Мұндай ұстаным дүниежүзіне кең тарап, қоқысты азайту мақсатында батыс елдерінде “Zero waste” атты түсінік пайда  болуына түрткі болды. Оны тіпті жапондардың күнде тамақты жей алатын мөлшерде дайындап, артығын қоқысқа тастап обал қылмау керек деген әрекетінен, үй ішіндегі интерьердің минимализмінен байқауға болады, – дейді экология тәрбиесі бойынша инструктор.

Жапонияда қоқысты сұрыптау күнделікті әрекетке жатады. Қалаған уақытта өткізе салмайсыз, әр қалдықты тапсырудың өз күні бар. Ол арнайы тәртіппен бекітілген. Пластик бөтелкені ішіндегі сусын қалмайтындай жуып, тазалайсыз, ал қақпағы мен сыртындағы қаптамасын бөлек тастау керек. Тауар өндіруші де бұған үлес қосады: тұтынушыны тұрмыс қалдығын сұрыптауға тез бейімдеуге тырысады. Мысалы, компаниялар пластик бөтелкені қаптамасын оңай алатындай етіп жасайды. Кейбіреу алған өнімді кейін қандай қоқысқа лақтыру керек екенін жазып қояды. Себебі қоқысқа өнім шығаратын ұйым да жауап береді.

Эколог-инженер Сәуле ЖолдаяқоваСәуле Жолдаяқова. Фото жеке архивінен

Сонымен бірге әр аймақтың әкімдігі қоқысты дұрыс сұрыптау үшін арнайы түсініктемелер таратады.

Жапон халқы “Қоқысты сол қалпы тастасаң, ол қоқыс болып қалады. Ал сұрыптасаң, ресурсқа айналады” дейді. Олар “жер астындағы мұнайымыз жоқ болса да, жер үстіндегі мұнайды, яғни пластикті өңдеп жатырмыз” деп есептейді, – дейді маман.

Табиғи ресурсы шектелген Жапония қоқысын сұрыптап, қайта өңдеп, жаңа өнім шығарып жүр. Тіпті тұрмыс қалдығынан арал да салды. Ол – Токио әкімдігіне жататын Одайба аралы. Қайта өңдеуге келмейтін қоқысты өртеп, энергия көзіне айналдырады. Ең бастысы Токио орталығында салынған зауыттан ешқандай зиян зат ауаға тарамайды. Себебі арнайы фильтрлер орналастырылған, барлығы автомат түрде басқарылады екен.

Жапондарда тұрмыс қалдығы мәселесін шешуге байланысты “3 R: Reduce. Reuse. Recycle” деген жүйе бар. Мен оны қазақша “3 Қ: Қысқарту. Қайта қолдану. Қайта өңдеу” дер едім. Бұл жүйе бойынша әркім өзіне қажетін ғана пайдаланады немесе алғанын біраз қолданып, жарамай қалғанда қайта өңдеуге өткізеді. Осындай мәдениет қалыптасып, саналы түрде экология қоғамын құру үшін уақыт керек. Өзім “үлкендерге” сенбеймін. Олардың қабылдауын, санасын өзгерту қиын. Қазіргі экология жағдайын тек жаңа технология мен қатал заңнама енгізу, айыппұл, әкімшілік-қылмыстық жауапқа тарту арқылы ғана шеше аламыз, – дейді Сәуле Жолдаяқова.

Маман болашақта Жапониядағыдай апаттар қайталанбас үшін тұрмыс қалдығын сұрыптауды әр адамға бала кезден үйрету керек деп есептейді. Балабақшадан қоқысты сұрыптауды үйреніп келген бала үйде де соны істеп, ата-анасына үлгі бола алады.

Эколог болуды қажет етпейтін, күнделікті тұрмыста, жұмыста бәріміздің қолымыздан келетін әрекеттер тізімін ұсынамын. Осындай кішігірім әрекеттерді барынша көп адам әдетке айналдырса, нәтиже байқалады деп сенемін. Жапон халқы “Бір адамның жүз қадамынан, жүз адамның бір қадамы артық” деген мақалды ұстанады, – дейді докторант.

Әр адам күнде әдетке айналдыра алатын эко әрекеттер:

  • Қоқысты дұрыс сұрыптап, қайта өңдеу орталықтарына тапсыру;
  • Қолданбайтын кезде электр тогы мен суды өшіру;
  • Смартфон, ноутбук, басқа да техниканы розеткалардан алып қою немесе эко режимге ауыстыру;
  • Дүкенге барғанда өз сөмкеңмен бару;
  • Бірреттік пластик өнімдерді алмау;
  • Өз термо ыдысыңды алып жүру;
  • Әлдебір тауарды алыстан тасымалдауға энергия жұмсалып, CO2 бөлінеді. Сондықтан, мысалы, ауыл шаруашылығы өнімін жергілікті фермерлерден алуға болады;
  • Автокөлікті көп қолданбау;
  • Аулаңа ағаш отырғызу;
  • Қағазды принтерден шығарғанда, бір беттің екі жағын да қолдану.
Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
4 года назад 2006
0 комментариев