230 МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ҚАНША САЙТ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?
230 МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ҚАНША САЙТ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

Жақында Парламентте депутат Ирина Смирнованың бастауымен, бір топ депутаттардың қолдауымен Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа күрделі сауал жолданып, миллиондаған қаржы жұмсалып отырған ғылыми жобалардың тиімділігіне күмән келтірілді. Депутаттардың ойынша, Президент ғалымдармен кездесулерінде отандық ғылымды дамыту мен жалпы ғылыми жобаларды сапалы сараптамадан өткізіп, плагиаттық өнімдерден тазарту бойынша нақты тапсырмалар берсе де бұл саладағы жағдай оңалар емес. 


Бұл күрделі мәселені көтерген де­пу­таттық сауалға «Халықтық ком­мунистер» фракциясының депутаттары И.Смирнова, Ж.Ахметбеков, Г.Баймаханова, А.Қоңыров, М.Магеррамов, Т.Сыздықов қол қойған. Аталған сауалда мынадай мәліметтер келтірілген: «Соңғы 3 жылда ғылымның дамуына 100 млрд теңге бөлінсе де жағдай өзгерер емес. Бұл тұста Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік банкпен құны 110 миллион доллар тұратын «Тиімді инновацияларды қолдау» жөніндегі жобаны жүзеге асыруға» байланысты келісім-шартқа қол қойды. Гранттарды бөлуге қатысты бірнеше мысал. 230 миллион теңге тұратын грант «Дәрігерлерді іздеу жөніндегі тегін сайтқа» бөлінген, ал шындап келгенде, атауы дәл осындай сайт OLX жарнамалар порталында небары 3 миллион теңгеге сатылған. 230 миллион теңгеге бағаланған «Оқу процесін автоматтандыру» гранты да көп сұрақ туғызады. Білім министрлігі онсыз да оқу процесін автоматтандыруға қатысты екі жүйеге ие, олар – «e-learning» пен «күнделік». Халық қалаулылары Есеп комитетінің тексеріс нәтижелерін ашық жариялауын сұрайды.
Біз бұл тұрғыдан IT маманы, сайт жасаудың қыр-сырын меңгерген Ерлан Оспаннан отандық сайт-порталдарға қаншалықты қаржы жұмсалатынын сұраған едік.

Ерлан ОСПАН, IT маманы:

Мұны заң арқылы шешуге дәмеленбейік

– Жалпы, бір сайттың орташа құны қанша? 230 миллион теңгелік сайт бола ма? 
– 230 миллион теңге сіз сауал қойып отырған мезетте шамамен 723 мың доллар­ға шақ келеді екен. «Дәрігерлерді іздейтін тегін сервис» үшін мұндай ақша… Кәнеки, сіздің көзіңізше мен бұл ақшаны ойша «тауысып» көрейін. Темір-терсек шығындары. 17 миллион халық тап осы сервисті күтіп отырғандай лап қойып, күндіз-түні тек дәрігер іздеумен айналысады делік. Хош, асқын жүктемеге бапталған дербес серверге 1 жылға еш саудаласпастан 10 мың долларды лақтырып тасталық. Аса жойқын жүктемеге төтеп беруі үшін бұлтты сервистерге қостық делік, хош, бұған да 1 жылға 10 мың долларды лақтырып тасталық. Біреудің ақшасын аяймыз ба, дербес сервер тұратын бөлме мен оның интернет траффигіне – 1 жылға тағы 10 мың доллар беріп тасталық. Софт шығындары. Сервис адамның саусақ ізімен кіруге болатындай болсын. Әлде, кескінінен кім екенін танып қойсын деген қатаң шарт бар делік. Қайдасың Киев, Минск кодерлері: мәңіз, тағы да 10 мың доллар. Кодын жазып берейік. Сайттың коды, дизайны, юзабилити, әм «олфон-бұлфон» қосымшалары – оған да 10 мың доллар. Анау, жоғарыдағы темір-терсекті баптап-бағып отыратын nix-адми­нис­траторлар екеу болсын делік. Жалақыларын 2 мың долларға бағалап, бір жылға оларға да 48 мың долларды және құлыптап қоялық. Сонымен, операциондық шығындар үшін жалпы сома 88 мың долларға тең және оның үстіне 15 пайыз қосалық, сонда 101 200 доллар шығардық. Бұл сома барлық салықпен бірге есептегенде. Сөйтіп, әлем­дегі ең мықты сайт жасауға 101 200 доллар­ды әрең «тауыстық». Ескеріп қойыңыз, бұл сіз мені тапаншамен қорқытып, «ақшаны тауыспасаң – өлтірем!» деп тұрғанда жұмсалған сома деп есептелік. Әр пози­цияны 3, тіпті 5 есе бағалап отырғанның өзінде осындай қаржы шығады.
Ал қалған қаржыны әрі қарай жұмсауға қиял да, ар да жетпейді. Енді қараңыз. Мен бірде сайтқа байланысты әлдебір ау­диторлық тергеуге куә болдым. Сонда аудитор менің көзімше еліміздің келушілер саны бойынша алғашқы бестікке кіретін сайтқа хабарласып, ондай сайтты небәрі… 400 мың теңгеге жасауға болатынын білді. 400 мың теңге мен 230 млн теңгенің айырмасы – әлгі депутаттар, сіз және мен меңзеп отырған өте-мөте келеңсіз жағдайдың бағасы ма деймін.
Сайт шығындары жөніндегі даулар жалпы әлем елдері үшін таңсық емес. Әдетте сайт жеке капиталға жасалса, тіпті, сервердің сыртына қорған салдырса да, онда ешкімнің шаруасы болмайды. Бірақ, муниципиалдық және мемлекеттік меншіктегі интернет-жобалар бойынша даулар болып тұрады. Бірақ, бастапқы сомасы мен өзіндік құны арасындағы мынадай айырмашылық сұмдық екен?! Бұлай тек аштық кезінде астық сатқандар ғана көсілсе керек. Ақпарат үшін айта кетейін. Google (бүкіл математикалық аппаратымен, кодымен қоса) небары 100 мың доллардан бастаған екен.
– Елімізде қалыптасқан осындай күрделі проблеманы шешу үшін не істеу керек? 
– Мұның қиын тұсы, түрлі заңдармен келеңсіздіктердің алдын алып отырғанның өзінде осындай жағдай орын алып тұр ғой. Яғни, заң арқылы шешуге дәмеленбей-ақ қояйық. Бірақ, әртүрлі шешімдерді қарастыруға болады. Мысалы, дәрігер іздейтін сайт қандай болуы керек дегендей пікірталасты интернетте ұйымдастыру керек. Сосын, оны кім жасайды, қаншаға жасайды, деп тағы сұрауға болады. Маған сеніңіз, тап осы жобаны 700 мың немесе 1 млн теңгеге «сықитып» беретін ком­паниялар не жекелеген сайт жасау­шы­лардың ондағаны табылар еді. Бұл әлгі отандық өндірушілердің қолынан сусып кеткен e-kundelik жобасы іспетті боп тұр ғой қазір. Жалпы, интернет-өнімнің жақсы жері – жариялылығы. Оның кескін-келбетінен, қайнар кодынан, «қылығынан» қаншаға, тіпті, кімге жасалғаны айқын көрініп тұрады. Сондықтан, 700 мыңнан астам долларды қоғамның назарынан тыс өткізем дегеннің о баста әбестік болғаны анық 

Кәмшат ТАСБОЛАТ, aikyn.kz

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
7 жыл бұрын 2518
0 пікір
Блог туралы