Елімізде банан мен ананас өсіріп, мол өнім жинауға болады. Оңтүстік Корея ғалымдарының зерттеуі осыған саяды. Ғалымдар салқын, климаты қатал елдердің өзінде таңсық экзотикалық жеміс-жидекті өсіру технологиясын ойлап тапты.
Владислав Цой, тілші:
-Чинчжу қаласы Сеулден 400 шақырым қашық жерде орналасқан. Туристер көп баратын орындардың бірі. Себебі бұл жақтың табиғаты ерекше. Будда ғибадатханаларын тамашалау үшін келетін шетелдік қонақтар шаһарда құлпынай өсірілетінін де жақсы біледі. Мұнда оның алқабы 500 гектар жерді алып жатыр. Корея жиырма жыл бұрын ғана құлпынайды Жапониядан импорттаған. Қазір оны жергілікті бағбандар жылыжайда өсіреді. Ол үшін арнайы жер де керек емес, топырақтың орнына кокос жоңқасы пайдаланылады. Ал өсімдік ерекше әдіспен суғарылады. Су мен нәрлі заттар осы түтікшелер арқылы беріледі. Олар адамның қан тамырлары сияқты жұмыс істейді. Чо отбасы құлпынай өсірумен жиырма бес жыл бойы айналысып келеді. Бұл істің қыр-сырын терең меңгеріп, қазір кәсібі өрге жүзді. Бүгінде бизнесменнің он бір жылыжайы бар. Қыркүйек пен маусым аралығында оның әрқайсысынан он тоннаға дейін өнім жиналады.
Чо Кю Джин, фермер:
-Бұл істе жылыжайды жылыту жағына үлкен мән беру керек. Құлпынайды қыс мезгілінде өсіру үшін үнемі жылы сумен суғару керек. Сондықтан жылыжайда ыстық суға арналған құбырлар мен пештерді салдық. Қыста отын бағасы өседі, сәйкесінше өнімнің де бағасы қымбаттай түседі. Экзотикалық жеміс-жидек пен көкөністерді Оңтүстік Кореяда өсіруге икемдеу осы зерттеу институтында жүргізіледі. Оның аумағына кіретін барлық адамдар мен көліктер залалсыздандырудан өтеді.
Осындай зерттеу жүргізіп отырған Қорея ғалымдары қазақстандық фермерлермен тәжірибе бөлісуге әзір.
Сон Мун Гён, Өсімдік зерттеу институтының вице-президенті:
-Бұл өсімдіктерді қазақ даласының ауа райына икемдеп, сондағы жылыжайларда өсіруге болады. Ол үшін кететін шығынды нақты есептеу керек. Ғалымдар өздерінің жүргізген зерттеуі бойынша, біздің елдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының әдеттегіден бітік шығып, мол өнім алу жолдарын да есептеген.
Кан Дон Гын, Өсімдік зерттеу институтының өкілі:
- Картопты жылыжайда өсіретін болса, жылына екі рет өнім алуға болады. Әдетте картопты отырғызғанда оны төртке бөледі, бұл тәсілмен тек орташа өнімді алуға болады. Бұл жағдайда картопқа ауру түсуі де мүмкін. Ал жаңа технология мұндай жағдайларды болдырмайды.
Жергілікті ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, Оңтүстік Кореяның әр аумағында ерекше өсімдіктер өсіріледі. Оған туристер де қызығады. Сондықтан Чинджу құлпынайымен бірге, Чечжу аралының мандариндері, Ёндонның құрмасы және Есан алмалары көпшілікке таныс бола бастады.
Дереккөз: khabar.kz