Бірінші күні күрсінді… Ертесіне түсінді!
Бірінші күні күрсінді… Ертесіне түсінді!

Соңғы жылдары «жат ағым, радикализм» деген сөзді жиі естиміз. Елімізде бұл мәселе өзекті тақырыпқа айналды. Сондықтан жат пиғылдыларға қарсы құзырлы орындармен қатар, қоғамдық ұйымдар да қарсы тұруда. Осы орайда «Шаңырақ» кеңес беру және оңалту орталығының қызметі туралы ерекше атап өтуге болады. Біз орталық жетекшісі, белгілі дінтанушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Әл Фараби атындағы ҚазҰУ ұстазы Мирхат Мадияров мырзадан экстремизм мен терроризмге қарсы насихатты қалай жүргізіп жатқандықтарын сұрадық. Jas qazaq: Мирхат мырза, «Шаңырақтың» құрылу себебі мен атқарған жұмыстары туралы не айтар едіңіз? М.Мадияров: Діндегі кертартпалық, бұрмалаушылық пен жат ниеттілердің насихатына тойтарыс беру үшін оның алдын алу мен оңалту жұмысы – кезек күттірмейтін маңызды бағыт. Бұл мәселемен 2014 жылы «Имамдардың біліктілігін арттыру институтында» және 2015 жылы Алматы қаласының әкімшілігіндегі дін істері басқармасында қызмет барысында айналыса бастадық. «Шаңырақ» оңалту және кеңес беру орталығы 2016 жылы арнайы ашылды. 2018 жылы Астана қаласы әкімшілігінің шақыруымен, дін мәселелерін зерттеу орталығында, осы бағыттағы мамандарды оқытып, жұмысын ұйымдастыруға атсалыстық. Нәтижесінде тәжірибе молайып, әдістеме қалыптасты. Мысалы, Алматы қаласындағы үш айлық насихат шаралары барысында 1200-ден аса адаммен сұхбаттасып, 550 азаматтың жат ағымның жетегінде кеткені анықталды. Олардың басым бөлігі үгіт-насихат жұмысынан кейін ұстанымдарының дұрыс еместігін мойындап, райынан қайтты. Jas qazaq: Жүрген жолынан қателескен азаматтармен сұхбаттасу барысында ерекше есіңізде қалған оқиға туралы айтып берсеңіз? Өз ұстанымынан қайтпай, оңалтуға қиындық келтіретіндері болды ма? М.Мадияров: Әрине, түрлі тағдырлар, не бір жағдайлар кездеседі. Бірде, кері ағымға бой алдырған жас жігітпен сұхбат жүргізіп отырғанымда, ол «жаратушымыздың мекені бар ма?» деген тартысты сұрақ қойды. Мен: «жақсы, сенің айтуыңша, Алла тағала, түннің таңға жуық уақытында бізге жақындап, аспаннан келеді екен. Сонда, жердің арғы бетіндегілер Жаратушысыз қалады ма?», – деп сұрадым. Абдырап, сәл ойланған бауырым: «Онда, Жер жалпақ!»,– дегені бар емес пе. Бұл намазхандар сауатсыз деген сөз емес, жалпы, жас буында білімге деген ынта, құлшыныс жоқ деген сөз. Тағы бірде, терроризм бойынша жазасын өтеп келген әскери ұшқыш бауырмен ұзақ сұхбаттастық. Қоштасарда, көзіне жас келіп, шын ниетімен құшақтасып тұрсақ, кіріп келген арнаулы мекеме қызметкерлері аң-таң. Кейіннен «Бұл адаммен абайлап сөйлесеміз, көзіне жас алғанын көрген емеспіз, қалай жүрегіне жеттіңіз?» – деп сұрап жатыр. Бәріміз Анадан туғанбыз, Аналарымызды сағынамыз. Ата-ана, ата-бабаларымыз, Отан-Ана деген әр адамның жүрек түкпіріндегі ең нәзік, көпке көрсетіп шаша бермейтін сырлары бар сезім, деп түсіндірдім. Кең-байтақ даламызда жансыздардың жанын қоймай, жауларын көк найзаға шыңғыртып тізбектеді бабаларымыз. Біз, кері ағым дегенде, сыртқы күштердің сайрауына еріп, тек мұсылмандарды айтатын халдеміз. Өз арамызда қызыл кеңірдек боп жатқанда, басқа кері ағым жетегінде қанша қаракөз жүргенін ешкім айта алмайды. Бір ана келді, төрт кішкене балапандарын шұбыртып, кішісі омырауда. Пәтер жалдап, әупірімдеп күн көріп отырса, екі қазақ әйел келіп «бізбен бірге шіркеуімізге жүр», – деп мазасын алыпты. «Оларға мен емес, менің мына балаларым керек!», – деп зар жылайды. Бір қарындасымыз келді, екі ұлы бар. Жолдасы 15 жылдан бері кришнаит. Қызмет жасайды, момын. Бірақ, күніге таңғы 5-тен тұрып алып, мантра әуенін екі сағат әндетеді. Имамдар, теологтар бәріміз бардық, екі жақтың туыстары да болды. Амал не, қайтпады. Ақыры, шаңырақ шайқалып, ажырасып тынды. Қарындасымыз, әйелдер жамағатына қосылып, қолы дірілдеп, қасиетті Құранды ұстап, калима шахадатын айтып, көзінен моншақ-моншақ жас ақты. Біз біле бермейміз ғой, ол пенденің иманға келуі, осындай жолмен жазылған болар. Jas qazaq: Жат ағымға еріп кетудің негізгі себептерін зерттеп көрдіңіз бе? Көбінесе тұрмыстық жағдайы төмен азаматтар арбауға тез түседі деген пікір айтылады. Ал бұдан бөлек, қандай себептерді атай аласыз? М.Мадияров: Кері ағымға бой алдырудағы себептерін әлеуметтік — материалдық жағдайдың төменділігімен, жоқшылықпен, жұмыссыздық және тағы басқа себептермен байланыстыратынымыз рас. Ал, осыған қоса, басты бір рөл атқаратын нәрсе – сауатсыздық. Jas qazaq: Діни сауатсыздық… М.Мадияров: Иә, діни сауатсыздық. Өйткені, адамдар өзінің дүниетанымын дамытып, ілім алып, ізденбейді. Жат ағымға бой алдырған жастар ғана емес, қоғамның басты бөлігі діни сауатсыз деп айтар едім. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, кері ағымға бой алдырушылармен сұхбат барысында, тек қана діни сауатсыздық қана емес, жалпы, зайырлы білім мен дүниетаным шектеулі екені көрініп отыр. Абай хакім айтып кеткендей: «Басында ми жоқ, Өзінде ой жоқ, Күлкішіл кердең наданның. Көп айтса көнді, Жұрт айтса болды — Әдеті надан адамның… сол, надандықтың кесірі, әр жерден естігенін алдыға тартып, кердеңдеуден болып тұр. Осыған қоса, олардың бойы мәдениеттен ада, салт-дәстүрден хабарсыз, Отансүйгіштік қасиет дари қоймаған тас бауырлық баршылық. Жалпы, біздің қоғамда не болса соған еліктеу басым. Әрине, ұлттық құндылықтарымызға берік болсақ, сырттан келген ағым тұнығымызды лайлай алмай, айналып ағып кете берер еді. Сондықтан, рухани ағарту жұмысын, әскери-патриоттық сезімді жастай бойға сіңірген абзал. Қазіргі заманға сай айтқанда, осы тәрбиені қанына сіңіру үшін бастауыш мектептен бастап, имандылыққа тәрбиелеуіміз қажет. Бұл тақырыпты жабық ұстағанымызбен, еріндерінен бал ағып тұрған кері ағымды уағыздаушы «жанашырларымызға» жол ашып бергеніміз. Әлеуметтік желілерді, ондағы «ақиқат жолындағы бауырларымыз, Алла разылығы үшін жұмыстарымызды балабақшадан бастауымыз керек», – деп жар салып отырғанын тоқтата алмаймыз. Геосаясат тұрғысынан алғанда, дін – белгілі мақсатқа жету үшін пайдаланатын, сыртқы күштердің құралына айналды. Ал, көзге көріне қоймайтын ақпараттық соғыс болса, бір сәтке болсын тоқтаған емес. Керісінше, қыруар қаржы құйылатын әскери Қарулы Күштердің атқаратын шараларын, ақпараттық құралдар атқаруда. Ел ішінен «мәңгүрттерді» тауып, атойлатып қойса болды, есерсоқтар өздері талқандап шығуға дайын. Jas qazaq: Экстремизм мен терроризмге қарсы күресу үшін не істеуіміз керек? Маман ретінде ұсынысыңыз бар ма? М.Мадияров: Ең алдымен, білікті маман даярлау мәселесін қолға алған жөн. Қазіргі уақытта, дін саласының мамандары, негізінен, практикалық тұрғыдан қалыптаспаған. Мамандарды, студенттік кезеңнің 2-курсынан бастап, арнаулы бағдарламалармен, қосымша креативті жобаларға араластырып шыңдаумен тәрбиелеу қажет. Бүгінгі студент – ертеңгі маман. Жастарымыз бейнебір шамшырақ тәрізді, неғұрлым сапалы даярласақ, соғұрлым жарығын шашып, жол көрсетіп, Отанына қызмет атқара алады. Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева
Мәлімет көзі: https://jasqazaq.kz/2020/02/14/birinshi-kyni-kyrsindi-ertesine-tysindi/

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
5 жыл бұрын 2598
0 пікір
Блог туралы