Сәлеметсіздер ме? Күйеуіміз екеуміздің отасқанымызға бір жылдай уақыт өтсе де, әлі күнге дейін бір-бірімізді түсінісе алмай келеміз. Бір күні ұрыс-керіс үстінде «кет, көргім келмейді сені» деді. Бірақ, «талақ» деп айтқаны-айтпағаны есімде жоқ. Мен ертеңінде үйіме кетіп қалдым. Арада екі айдан астам уақыт өтті. Бұл жағдайдан кейін қайтып қосылуымызға бола ма? Арамыздағы неке бұзылып, бір-бірімізге бөтен болып қалмадық па? Оның айтысына қарағанда, «ажырасу» ойында болмаған. Бұған сіздер не дейсіздер? Ажар
Жауап
Уағалейкумуссалам! Ажар ханым, шариғатта егер ер адам «талақ» деген сөзді нақты айтпай, «кет», «көргім келмейді», «жоғал бар» деген секілді сөздер айтса, онда оған бірден ажырасу үкімі берілмей, оның ниетіне назар аударылады. Егер бұл сөздер ажырасу ниетінде айтылмаған болса, талақ болып есептелмейді[1].
Осыны негізге алсақ, сіздердің жағдайларыңызда неке бұзылмаған болып есептеледі. Сондықтан да, арадағы түсініспеушілікті ұмытып, бір-бірлеріңіздің қателіктеріңізді кешіріп, ары қарай отбасылық өмірлеріңізді жалғастырыңыздар. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда ерлі-зайыптылардың ажырасуы көбейіп барады. Көбіне болмайтын бір себептерді сылтау етіп, жанжалдасып, ақыр соңы ажырасумен бітеді. Бұл қоғамдағы отбасы құндылықтарының ақсауына әкеп соғады. Сондықтан да, мұсылман баласы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) отбасыға қатысты айтқан әрбір сөзін ту етіп, шаңырақтың шайқалуына жол бермеуі қажет.