Ғұндар туралы деректер
Ғұндар туралы деректер

Құрметті оқырмандар Stan.kz ақпараттық агенттігі кезінде қазақ даласын мекендеген тайпалық бірлестіктің бірі ғұндар туралы мәлімет ұсынады.

Біздің заманымызға дейінгі 4-3 ғасырларда Қытайдың солтүстігі мен Орталық Азия жерін мекендеген тайпалық бірлестік ғұндар деп аталды. Олар көшпелі, жауынгер халық болған. Ғұндардың кезінде патриархалды-рулық қарым-қатынастық белгілері өте күшті болды. Ғұндар ішінара 24 руға бөлінген және әр рудың басында ағамандар тұрған. Сол уақытта ағамандар кеңесі мен халық жиналысы жұмыс істеген. Сонымен бірге, ғұндар әскери тұтқындардан тұратын құлдар ұстаған.

Бір қызығы, ғұндар ер азаматтардың барлығын қатардағы жауынгер деп саналған. Жазба деректерде ғұндар билеушісінің шаньюй деп аталғаны көрсетілген. Елді шаньюй билесе, олардан кейін түменбасылар тұрған.

Ғұн мемлекеті б.з.д. III ғасырда көшпенді ғұн тайпаларын біріктірген Мөде хан кезінде Еуразиядағы ең мықты мемлекет болды. Тарихи деректерде, б.з.д 209 жылы Мөде хан әкесін өлтіріп, таққа өзі отырған делінеді. Мөде хан билікке келгелі ғұндар қатты күшейіп, аумағын кеңейте бастайды.

Жазба деректерге сүйенсек, ғұндар біздің заманымызға дейін 188 жылы қытай императоры Гао-Диды бағындырып, содан хань династиясы ғұндарға салық төлеп тұруға мәжбүр болған. Тарихта жауынгер халық ретінде аты қалған ғұндар бұдан басқа юечжи, ловфань, байянь, үйсін тағы да басқа тайпалардың жерін тартып алып, үстемдік еткен.

Қытаймен ғұндар арасындағы соғыс 300 жылға созылды. Б.з.д ІІІ ғасырда Қытай мемлекеті ғұндардан қорғану үшін Ұлы Қытай қорғанын сала бастады.

Сол замандарда ғұндардың әскер басы 300-400 мыңға жететін. Олар Байкалдан Тибетке, Шығыс Түркістаннан Хуанхэ өзеніне дейінгі жерді иелік етіп, мемлекет құрған. Алайда, ғұндардың билеушісі Мөде қайтыс болғаннан кейін елде өзара қақтығыс орын ала бастайды. Содан біздің заманымызға дейін 47 жылы Хулагу билігі кезінде ғұндар оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлініп кетеді. Оңтүстік ғұндар Қытайға бодан болуға көнсе, солтүстік ғұндар орталық азия тайпаларымен одақтасып батысқа қоныс аударып, өз тәуелсіздіктерін сақтап қалады.

Дегенмен, Қытай үнемі қысым көрсете бергендіктен, ғұндар Тянь-Шань тауынан асып өтіп, қаңлы жеріне қоныстанады. Осылайша, кезінде ұзан-ғайыр жерді мекендеген ғұндар Орта Азия мен Қазақстанға алғаш рет қоныс аударып келеді.

Ал, біздің заманымыздың 1 ғасырында ғұндардың екінші рет қоныс аударуы болды. 93 жылы қытайлардан қысым көрген солтүстік ғұндар өз жерінен ығыстырылып, тағы да батысқа қарай көшуге мәжбүр болады. Осылайша, ғұндар қазақ жері арқылы батысқа жылжиды. Ал олардың Қазақстан аумағына келуіне байланысты қаңлы тайпалары түркі тілін үйрене бастайды.

Ғұндар жалпы көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан тайпа. Олар әсіресе жылқы өсіріп, қой ұстаған. Оның ішінде асыл тұқымды жылқыларды қолда өсіріп, ат баптауды жетік меңгерген. Сонымен бірге,ғұндар аң аулап, отрықшылықпен айналысып, егін еккен. Ғұндар дәнді дақылдың ішінде тарыны көп өсірген.

Ғұндар жауынгер ғана емес, сондай-ақ керемет қолөнер шебері болған. Оларда қолөнер мен бейнелеу өнері жоғары деңгейде дамыған. Соның арқасында көшпелі халық зергерлік өнердегі полихром стилін дүниеге әкеледі. Ғұндар өмір сүрген заманда сауда қатынасы мен қолөнер жақсы дамыды. Олар металдан, сүйек пен мүйізден, тас пен саздан, ағаштан, керамикадан бұйымдар жасап, қөлөнермен айналысқан.

Сондай-ақ, ғұндар ат үсті ойындарының негізін салған тайпа ретінде тарихта қалды. Жауынгер тайпаның халқы көктәңіріне табынып, ата-бабасының рухына сиынған. Тіпті, өздерінің дәстүрлі құқық жүйесін де қалыптастырған.

Ғұндар қоғамында мал мен жерді жеке меншік ретінде пайдалану, алым-салық, жазу-сызудың пайда болауы таптық қоғам мен мемлекеттің пайда болуын туғызды.

Б.з. 1 мыңжылдығының басында ғұндар жергілікті тайпаларды бағындырып, Сырдария бойымен Арал өңіріне, орталық және батыс Қазақстан аймақтарына көшіп барады. Ал біздің заманымыздың 4 ғасырында Шығыс және Орталық Еуропа жеріне келеді. Сөйтіп, олар үш ғасыр уақыт ішінде Еуропа жеріне енеді.

IV ғасырдың аяғында ғұндар Закавказье мен Месопотамияға шабуыл жасап, Шығыс Рим империясының астанасына жақындап, императорды алтын ақша төлеуге міндеттеді.

437 жылы ғұндар Еуропаның ішкі елдеріне шабуыл жасап, Францияда аумағына кіріп, Бургундия корольдігін ойрандады.

445 жылы Аттила Румыния мен Венгрия аумағында оқшауланған ғұн тайпаларын біріктіріп және Еуропада ғұн мемлекетін басқарды. Сөйтіп, Аттила Еуропа халқының әбден үрейін ұшырады.

Аттиланың жетекшілігімен ғұндар көптеген Еуропа елдерін жаулап алды, және ол билік еткен кезде әскери-демократиялық жүйе қалыптасты. 452 жылы ғұндар Италияға басып кіріп, Римге жақындады. Жауынгер халық осылайша Рим империясына да қауіп төндіріп, шабуыл жасайды.

Ал 375-376 жылдары вестготтар мен қазақ жерінен келген ғұндардың күресінің нәтижесінде ежелгі Рим империясы құлайды.

Осылайша, Аттиланың жетекшілігімен жүргізілген шабуылдар Еуропаның Рим империясының ықпалынан босатылуына және құл жүйесінің құлдырауына себеп болды. Сөйтіп, Еуропаға шабуыл жасап, басып кірген ғұн державасы V ғасырдың ортасында Аттила өлгеннен кейін ыдырап кетті.

Кейіннен тарихшылар мен жазушылар сонау Еуропаға дейін жорық жасаған атақты Аттила туралы көптеген еңбектер жазып, оны кейінгі ұрпаққа таныстырды. Мысалы, Рим жазушысы Прииск әйгілі ғұн билеушісі Аттила туралы тарихта баға жетпес еңбек жазып жазды. Сондай-ақ, итальяндық композитор Джузеппе Верди ол туралы «Аттила» деп аталатын опера жазды.

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
6 жыл бұрын 10666
0 пікір
Блог туралы