Өзін сәләфитпін деп ашық жариялаған журналист пен имам пікір таластырды (видео)
Өзін сәләфитпін деп ашық жариялаған журналист пен имам пікір таластырды (видео)

Салафиттер дегеніміз кімдер? Олардың артында кімдер тұр? Салафизмнен қауіп қандай? Алматы қаласының бас имамы, дін істері комитетінің төрағасы мен заңгер және өзін салафитпін деп ашық мәлімдеген журналист Ардабек Солдатбай дін туралы пікір таласты. Салафизм тақырыбын заң тұрғысында, дін және ағым бойынша талқыға салды. Бұл туралы «Неге?» ток-шоуында айтылды. АҚДМ дін істері жөніндегі комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан адамның діни сеніміне, ұстанған бағытына тыйым салынбайтынын айтты. Бастысы ел заңын бұзбауы тиіс. «Зайырлы деген ұғым әр азаматтың діни көзқарасына, сеніміне тең көзқараспен қарау дегенді білдіреді. Біреуді діни сенімі үшін жазалай алмаймыз. Егер Қазақстан заңына қайшы әрекеттер жасайтын болса жазаланады. Елдің тыныштығын, бірлігін бұзуды мақсат тұтатын болса оның алдын алу жұмыстары жүргізілді. Түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», — дейді Ержан Нүкежанов. Елімізде салафизм ағымын ұстанушылар көп болғанымен өзін салафитпін деп ашық жариялайтындар аз. Соның бірі журналист Ардабек Солдатбай. Оның айтуынша, салафизм ешқандай лаңкестік әрекеттерді мақсат етпейді. Топ болып жиналмайды, уағыз тыңдамайды. «Мен өзімді салафитпін деп ашық айтамын. Сәләф»ахли сунна» дегенді білдіреді. Жеңіске жетушілер, сүннетті ұстанушылар дегенді білдіреді. Мен Ділмұратты тыңдаймын. Дінге алғаш келген жылдары имамдарды, мүфтиятты тыңдағанмын. Бәрін тыңдай келе осы жолға келдім. Біз топ болып жиналмайыз. Басқаның атымен жүрмейміз. Пікірталасқа бармаймыз. Мешітте имамға ұйыймын. Бірақ оған бағынбаймын. Имамға бағынышты емеспін. Себебі ол жамағатқа дінді, құлшылықты үйрететін маман ғана. Ол біреудің үстінен үстемдік жүргізе алмайды. Біз қазақтың дәстүріне қайшы емеспіз. Бірақ өлген адамның жетісі, қырқын, асын беру, жеті шелпек тарату, беташар жасау дегенге қарсымыз. Жеті шелпек таратпаймыз. Келіннің бетін жауып әкелгенге қарсы емеспіз, бірақ домбырамен ән-күйлетіп беташар жасалу діннің өзінде де тыйым салынған», — деді Ардабек Солдатбай. Бұл ретте Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай Ардабек Солдатбайдың сеніміне түбегейлі қарсы. Алайда сәләф ұғымының сонау Пайғамбар (с.ғ.с.) заманынан бері келе жатқанын айтты. «Сәләф деген ұғым «сүннетті ұстаушылар» деген мағынаны білдіреді. Бұл Пайғамбар (с.ғ.с.) заманынан келе жатыр. Пайғамбар (с.ғ.с.) заманынан бергі үш ғасыр алтын ғасыр деп аталады. Себебі сол буын ең білімді, ең сауаттылардың заманы. Оның бәрін сәләф деді. Біз де шындығында сәләфтармыз. Яғни, сүннет жолын ұстанушылармыз. Ал қазіргі салафитпіз деп жүргендер бірнеше топқа бөлінеді және дінге қайшы көзқараста. Оларды дінмен сай келмейтін адасушылық бағытта деп айта аламын», — деді Еркінбек Шоқай. Алматы имамының айтуынша, қазақ дәстүрі дінмен байланысты. «Мәселен дінімізде әруаққа арнап Құран оқимыз. Дұға етеміз. Артында қалған баласы, ұрпағы әруаққа дұға етеді. Құран оқиды. Оның ешбір әбестігі жоқ. Қазақ қазаға көңіл айтады. Бұл бір тәртіптен туған дүние. Жақын-туыс, ағайынның бәрі сабылып келе бермеу үшін жетісі, қырқы деп бөледі. Арнайы бір күнге келіп, ыңғайлану үшін жасалған. Жетісіне келе алмағандар қырқына келеді. Бұны дінде жоқ, бидғат амал деп қарауға болмайды. Тәртіп болу үшін , екі жаққа да ыңғайлы болу үшін туған амал», — деді имам. Имамның айтуынша, кейбір дін өкілдері қарсы шығатын беташардың да діндегі орнын бөлек. «Беташар» деген келіннің бетін ашу деген ғана түсінік емес. Беташар деген келінді көпшілікпен таныстыру, әулетпен таныстыру. Тәрбие айту. Кез келген мұсылман мұсылманға сәлем береді. Ол құлшылық емес. Ол сәлемнің түрі. Бір үйге барғанда сәлем беріңдер дейді пайғамбырымыз. Келін бөтен әулетке келіп, сәлем беріп тұр. Мұны мұсылманшылыққа жат қылық деп көрмеу керек», — деді имам. Заңгер Орынбасар Тілепбергенов елімізде дін ісімен нақты айналысу үшін дінбасыға өкілеттілік беру керек дейді. Қазақстанға дінбасы туралы арнайы заң жоқ. Сол себепті әркім өзі сенген адамға, топқа, ағымға кіріп жатыр деген пікірде. «Бізде имам, дінбасы, мүфтилер мемлекеттік қызметкер емес. Сондықтан оларда құзірет жоқ. Елімізде лаңкестік, атыс-шабыс болмау үшін заң тұрғысында реттеу керек деп ойлаймын», — деді Орынбасар Тілепбергенов. Ардабек Солдатбай Қазақстан зайырлы мемлекет бола тұра діни сенімге шектеу бар деп санайды. «Бізде сәләфтардың, басқа ағымдағылардың ізіне түседі. Неге мәтруди сеніміндегілерді тексермейді. Бұл зайырлы елдің заңына жатпайды», — деді ол. «Ардабек Солдатпай секілді, Ділмұрат секілділер өзге діндегілерді бидғат амал жасаушылар деп қарайды. Басқаларды дінде жоқ дүниені ойлап табушылар деп санайды. Бидғат дегені сол. Пікірталасқа, уағызға шақырсаң келмейді. Ерсін Әміре де, мен де талай сұхбаттасуға шақырдық. Ділмұрат мәмілеге келмейді. Өзгенің айтқанын мойындамайды. Егер басқаны тыңдасаңдар, адасасыңдар дегенге келтіреді. Неге сауатты болса, мықты болса, ашық сайысқа келмейді. Өзінің сенімі дұрыс екенін, пайғамбар жолында екенін неге дәлелдеп бермейді. «Алла аспанда деген» сенімде. Кез келген азамат Құдайды іздесе, дін туралы білгісі келсе, намаз оқығысы келсе, мешітке барсын. Мешіттен, имамнан үйренсін. Пайғамбардың тура жолын интернет те, басқа адамдар да үйретпейді. Тек имам түзу жолды үйретеді», — деді имам. Ардабек Солдатбай «Алла қайда?» деген сұраққа «аспанда» деп жауап берді. Алайда имамның айтқанын мойындап, дін туралы тек имамнан үйрену керек дегенді айтты. Қазақстан соңғы он жылдықта діни алауыздықтан ауыр зардап шегіп келеді. 2011, 2012, 2016 жылдары Қазақтанда тераристер лаң салған оқиғалар елдің есінде. Тіпті сол кездегі қанды қырғынды Нұрсұлтан Назарбаев салафизм ағымының өкілдері жасады деп ресми мәлімдеген. Дәл сол 2011 жылы дін істері комитері Қазақстанда 15 мыңға жуық салафит бар екенін айтты. Салафизм ағымын ұстайтындардың өздері үш топқа бөлінетіндерін мәлімдеді. «Салафизм мәтхали, сурули, жихад тәкфир дейді. Мәтхалилер өздерін байсалды қылып көрсеткісі келеді. Олар барлық дәстүрге қайшы. Елбасыға мойынсынамыз дейді. Бірақ одан кейінгі қызметкерлерге бағынбайды», — деді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоқанов. Тәкфир — салафизмнің радикалды түрі. Сансызбай Шоқанов олардың бірін радикалды, бірін байсалды деп бөлуге болмайды дейді. Себебі жуас қасқыр болмайды деген пікірде. Ашуланған күні қаруға жүгінуі мүмкін дегенді айтады. Өзге елдердегідей біздің ел де осы ағымға тыйым салу керек деп есептейді. Жихадқа аттанған қарагөздеріміз, талақ болып таланған қарындастарымыз, қаба сақал, шолақ балақты азаматтарымыз күн санап көбейіп бара жатса да, Қазақстанда бұл ағымды ұстанушыларға тыйым салынбаған. Жақында қазақ еліне жақсы таныс айтыскер Мұхамеджан Тазабеков өзінің де бұған дейін басқа ағымда болғанын мойындады. Ол ақидасының ауысқанын айтып, үй ішінен үй тікпеу керек екенін айтты. Кейіннен сәләфилер тәубе қыл деп, матрудилер «сенбейміз» деп қорқытып жатыр деп тағы бір жазба қалдырды.
jasqazaq.kz

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
3 жыл бұрын 2043
0 пікір
Блог туралы