Қасиетті қос мешіттің тәртібін жөндеткен қазақ ғалымы
Қасиетті қос мешіттің тәртібін жөндеткен қазақ ғалымы

Осыдан біраз жыл бұрын Алаш арыстарының бірі Мұстафа Шоқайдың досы болған ханафи мазһабының атақты дін ғалымы Мүбашар ат-Таразидің араб тілінде жазылған «Сиаму Рамадан» (Рамазанның оразасы) кітабы қолыма тиген еді. Өткен ораза айында соны оқып отырып, мұсылман бауырларымызды сүйіншілейтін бір мағлұматтарға кездестім. Алдымен, осы дін ғалымы болған бабамыз жайлы не білеміз? Біраз жыл бұрын газет беттерінде де, басқа ақпарат көздерінде де ол кісінің өмірі мен еңбегі жайлы «Нұр-Мүбарак» университетінің профессоры Шамшәдин Керімнің көлемді мақаласы жарық көрген. Дегенмен де Мүбашар ат-Тарази жайлы айтып өтсек, «Сиаму Рамадан» кітабында төмендегі мағлұматтар баяндалған: «Кітаптың авторы мәртебелі ғалым Әбунасыр Мүбашар ат-Тарази Әл-Хусейни Түркістандағы (кітап 1982 жылы жарық көргендіктен Кеңес өкіметіне тәуелді Орта Азия елдерін солай атайтын) Тараз қаласында һижраның 1310 жылы ережеп айының 27 жұлдызында (миләди 1885 жылы) дүниеге келген. Әкесі құрметті шейх Сейд Мұхаммед Әл-Ғази үлкен ғалымдардың бірі және Нақшбандия тариқатының машайықтарынан болып, ханафи мазһабындағылардының фиқһ бойынша ұстазы саналған. Орта және жоғарғы білімін Ташкенттегі Әбу Қасым Хан университетінен алып, содан соң Бұқарада нақли және ақли ілімдер бойынша білім алып, хадис ілімдері бойынша маман болып шығады. «Дін жолы үшін, Отан үшін» деп күресіп 1930 жылы Түркістаннан Кабулға һижрет етіп, сол жерде 1949 жылға дейін қалады. Ауғанстанның патшасы да, халқы сыйлап Ауған патша палатасында жұмыс істейді. Алла үшін, елшісі үшін һижрет етіп Мысырға 1949 жылы келіп, қазір Каирде тұрып жатыр (Бұл кітап ол кісінің көзі тірі кезінде басылған). Оның көптеген мақалалары, баяндамалары және дін, қоғам мәселелері, әдебиет бойынша араб, парсы, түркі тілдерінде таралған, жазылған кітаптары көп. Ең маңыздысы: «Илә динил фитрил әбәди» (Мәңгілік таза дінге) 2 том. Және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қысқаша өмірбаяны, басқа да Ислам, Құран, Пайғамбарлық жайлы еңбектері бар. Омар Хаиям рубаяттарының көмескі жақтарын ашты», – деп жазылған. Енді ғалымның өз еңбегінен төмендегі жайттарды оқып, сүйсінбей тұра алмайтыныңыз сөзсіз: «Һижра бойынша 1387 жылы (миләди1967жыл) Рамазан айында адамдарды Меккедегі және Мәдинадағы Қасиетті қос мешітте көрдім, олардың (зәмзәм мен құрмадан) тыс әртүрлі тағамдар әкелгенін, соның ішінде мол азық-түлік, ет, котлет, сонымен бірге алма, мандарин, апелсин, жүзім және басқалар. Сол нәрселерді ана жерге, мына жерге кішкентай дастарқандардың үстіне орналастырып, ақшам намазы азанын күтіп отырды. Азаншы азан шақырып, алайда адамдар тамақтарын жеп үлгерсін деп қаматты біраз минуттарға кешіктіреді. Содан соң қамат айтылып, адамдар намазға тұрып, ауыздарында жеп үлгермеген тамақтары мен жемістерін тез-тез шайнап, асыға жұтса да, алайда қалдықтары тістерінде, ұрттарында қалып жатқанын көріп, бұл жағдайды төмендегі түрде жоққа шығардым: Біріншіден, бұл хадисте көрсетілген ауыз ашуға асығу шарғи шекарасынан асыра орындау, өйткені хадисте бір немесе бірнеше құрмамен немесе сумен ғана ауыз ашу көрсетілген. Екіншіден, ол мүміннің ар-ұятына сай Алланы және оның елшісін риза ететіндей көрініс емес, себебі олар Қасиетті Мекке мен Мәдина мешіттері іштерін асханаға айналдырды, (базардың асханасы сияқты) сонымен бірге намаз, құлшылық орындарын ластады. Үшіншіден, намаз оқығанда, қолдары мен ауыздары тағам мен жеміс жегеннен кірленген, ауыздарында қалдықтары болуы фиқһ кітаптарында мәкрүһ саналған. Осы нәрселерді Саудия қазысы, мүфти шейх Мұхаммед Ибраһим Әл-Шейхке әл-Риядта осы жылдың зүлқағда айының сегізінші жұлдызында кездескенімде ескерттім. «Шындығында бұл жағдай елдеріңіздің беделін түсіреді, сондықтан оны жөндеу керек», – дедім. Құрметті мүфти көзқарасыма қанағаттанып; «Міндет болған нәрсені орындаймын», – деп уәде берді. Келесі 1388 һижри жылының (миләди 1968 жыл) Рамазан айында бұл жағдайдың белгілі мөлшерде жөнделгенін көрдім. Яғни, Қасиетті қос мешіттің есіктерінің алдында әскерлер тұрып, майлы және әртүрлі тағамдарды әкелуге тыйым салып жатыр екен, осы үшін Аллаға шүкір еттім. Ал 1389 һижри жылында (миләди 1969 жыл) умра және қажылыққа барған достарым, әсіресе 1390 һижри жылында (миләди 1970 жыл) әскерлердің мешітке келушілерді тексеріп, тек қана құрма алып кірулеріне рұқсат етіп жатқандықтарын жеткізді. Осылайша бидғат тоқтап, сүннет бекіді, Аллаға әуеліде де, соңында да мақтау болсын». Көріп отырғанымыздай, бабаларымыз Әл-Фараби, Ибн Сина, Әл-Хорезми өз еңбектерін араб тілінде жазғандай, осы бабамыз да араб тілін, дінді жақсы меңгеріп ғибрат аларлық еңбектері мен істерін қалдырған. Өзінің өмірі де, еңбектері де үлкен зерттеуді талап ететін мұра. Қазіргі жастарымыздың арабтарға еліктеуі басым, бірақ көріп отырғанымыздай қазақ топырағынан да дін мәселелері жөнінде аса беделді ғалымдар шыққан. Болашақта да Мүбашар ат-Тарази бабамыздың жолын қуатын талантты ізбасарлары болатынына сенеміз.

Қуат ҚАБДОЛДА

Kazislam.kz 

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
2 жыл бұрын 1704
0 пікір
Блог туралы