Қызымды не қарындасымды тоқалдыққа бере аламын ба?
Қызымды не қарындасымды тоқалдыққа бере аламын ба?

Қоғамда тоқал алу мәселесі көп талқыланып жүр. Бұл сұрақты көтерушілердің басты факторы – демографияны көтеру. Бірақ шынымен де тоқал алу демографияға әсер етеді ме? Оны елімізде заңдастыру қажет пе?

Менің ойымша айтарлықтай әсер етпейді. Әрбір ұлттың көбею стадиясы бар. Мысалы демографтардың айтуынша кез келген ұлтта жойылу қаупі туғанда «ұлттың сақталу инстинкті» іске қосылады. Мысалы ІІ дж соғыстан кейін немістер мен еврейлер дәл солай көбейіпті, яғни көпбалалы отбасылар саны басым болған. Ал 50 жыл бойы түрлі нәубеттен көз ашпаған қазақ, 1960-жылдары «беби бумер» процесін жасады. Бір отбасыда тоқалсыз-ақ 7-8 бала дүниеге келіп отырды. Беби-бумер процесі әр 30 жыл сайын болады екен. 1980-жылдардың соңында болса, енді міне 2016 жылы 400 мың бала өмірге келіп тағы да беби-бумер жүзеге асты. Аллаға шүкір. Тоқалсыз! Марқұм Мақаш Тәтімовтың айтуынша алдағы онжылдықта қазақ жылына 350-400 мыңға көбейіп отырмақ. Ал енді мына парадоксті қараңыз, көп әйелдікті қолдайтын араб мемлекеттері, атап айтсақ БАӘ, Сауд Арабиясы мен Катар, Бахрейнде бала туу көрсеткіщі өте төмен. Демек тоқал алу процесі халық демографиясына айтарлықтай әсер етпейді. 

Тоқал алуды қолдап, шулайтындардың көптігі Абай мен Шоқан да тоқалдан туған дейді. Келісемін, бірақ олар неге тоқалдан туған ұлыларға қарағанда бәйбішеден туған ұлылардың көптігін есепке алмайды. Кез келген Еуропа елін алып қарасаңыз, әлемді дүр сілкіндірген басшылар тоқалсыз өмірге келген ғой. Ал Хәкім Абай мен мен аққан жұлдыз Шоқанды өмірге әкелген тоқализация процесі емес, ең алдымен Алланың қазақтың көзін ашсын, жол сілтесін деп жіберген бұйрығы шығар. Сондықтан аталмыш қайраткерлердің тоқалдан туу жай ғана сәйкестік деп ойлаймын. 

Көпшілікті тоқал алуға жетелейтін тағы бір фактор 1 жігітке 7 қыздан келеді деген нағыз жалған статистика. Ал шын мәнінде елімізде 1 жігітке 1,1 қыздан келеді. Статистиканы 7 есе асырып көрсету кеңес кезеңінен қалған жалған ақпарат қана. Күндердің бір күнінде расымен 1 жігітке 7 қыздан келсе, онда шынымен тоқал алуды заңдастыратын шығар. Бірақ ол күннің туындауы екіталай. Сондықтан бұл мәселеде ең алдымен азда болса социологияны бір оқып алған жөн шығар.

Ең соңғы уәж. Қазақ қыздары өзге ұлтқа тұрмысқа шыққанша, қазақ жігітіне шықсын дейді. Келісемін. Бірақ бұл тоқал алумен емес, үйдегі дұрыс тәрбиемен шешілетін мәселе. 

Қорыта айтқанда демографияны көтеру үшін тоқал алудың қажеті жоқ. Демографияны көтеру үшін елдегі өлім көрсеткішін азайту керек. Жол апаты Сириядағы соғыс сияқты, суицид пен обырдан өлуден көш бастаймыз. Аталмыш факторлерді жақсартып, әлеуметтік жағдайды көтергенде ғана, ең алдымен баспаналы болу мәселесін реттегенде - демография көтерілмек. Сондықтан тоқал деп шуламай, шынайы демографияға кері әсер ететін факторлармен күресу керек шығар. Ал тоқал алуды айтқан сәтте өз өзіңізге «қызымды не қарындасымды тоқалдыққа бере аламын ба?» деген сұрақты қойып көріңізші. Мен ешқашан бермес едім.

Асхат Қасенғали

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
7 жыл бұрын 3071
1 пікір
  • Мен қыздарымды берер едім (өздері қаласа ғана әрине)! Бірақ олар өсіп, бойжетіп, ақыл тоқтатқанша дұрыс тәрбие берем деген үмітім бар. "Ерлерің үстеріңнен әйел алам десе, қарсы шықпаңдар, ерлеріңнің разылығын табыңдар" деп құлақтарына құям. "Кейін өздеріңнен туған балаларың да жағдайлары болып неке үстіне неке қямын десе, қолдаңдар, жәрдемдесіңдер!" деп насихат етемін. Себебі, мен қыздарымның ақиретіне алаңдаймын алдымен (бұл дүниеде бақытты өмір сүруі үшін де әкелік бар міндетімді орындаймын, Алла бұйыртса). Бұның бәрі анау айтқандай демография үшін емес. Демография проблемасы көп әйел алумен шешілмейді деген сөз өте орынды, келісемін. Бірақ адал некені "жаман неке" деп есептеу де дұыс емес. Жалаң бас, жалаң бұт, қызылала-көкала, ашық төс болып өмір сүргенше, біреудің екінші не үшінші, тіпті төртінші жары болып өмір сүру абырой. Ақиретке шын сенсек (тілмен емес, жүрекпен), Алланың азабынан қорықсақ, қабірімізден қорықсақ, ұрпағымыздың дүниедегі ойын-сауықты күндерінен гөрі, ақиреттегі жағдайын көбірек ойласақ, Алланың рұқсатынан жиренбеуіміз керек. "Демография, қазақтың қамы үшін үйленіп жатырмын" деушілердің азаматтығына да шәк келтірмеген жөн. Біздің қолымыздан келмесе де, олардың ниеті сол болуы әбден мүмкін. Қысқасы, қыздарымды берер едім ...
    7 жыл бұрын
Блог туралы