МЕН ҚАЛАЙ ОРАЗА ҰСТАДЫМ
МЕН ҚАЛАЙ ОРАЗА ҰСТАДЫМ

Екінші ме әлде үшінші ме екен әйтеуір бастауыш сыныпта оқып жүрген кезім. Сол жылы өзімше тақуалығым бой көрсетіп ораза ұстаймын деп шештім. Ол кезде бәрін әкең мен шешеңнен сұрайсың ғой, олар да бәлендей қарсы бола қоймады. Бәлкім қарсы болған да шығар, әйтеуір ойыма бірдеңе келсе істеп көрмей қоймайтын қояншықтығымды біліп "жарайды" дей салды ма екен кім білсін. Қыстыгүні еді. 

Алғашқы бір-екі күн асқан сабырлылықпен өтті. Қарным ашса да шыдап бақтым. Кешке ауызашарда бар тәтті-дәмдіні алдыма үйіп қойған. Дән ризамын. "Іше ғой, жей ғой!" Тетелес өскен бауырларымның көзінен "мен де ораза ұстамаған екенмін" деген өкінішті байқағандай боламын. Әсіресе кәмпит -пішинә маған қарай сырғып кеткендегі көзқарастары аянышты. Ал, мен, мен енді - тақуамын! Құдайдың сүйген құлы болған соң, мен жемей кім жесін ол кәмпитті?! Жайда төрт бұрышты пішинәні әуелі дөңгелек қып, одан соң үш бұрышты қылып, қайта төрт бұрышты қылып (тез бітіп қалмас үшін сөйтуші едік қой) жарты сағат тіспен қажап отырып жейтін Қуекең енді екі -ақ тістеп опырып отыр. 
Бұл пірадарлығым ұзаққа бармады. Ойын баласына үйде отырудан асқан қорлық жоқ екен ғой. Далаға сырғанаққа шығайын десем "қарның ашады, шөлдейсің" деп шешем жібермейді. Қыңқылдап қоймай жүріп шықтым-ау ақыры. Айтты-айтпады кешке дейін қарнып ашып өліп қала жаздадым. Өйтіп-мөйтіп тағы бір-екі күн өтті. Содан аузымды ашып жіберейін деп шештім. Бүйтіп жеген кәмпитіңнің аузын ұрайын! Бірақ қалай айтам, ұят қой. Ақыры ойлап-ойлап үйдегілердің көзінше байқамай су ішіп қойған болайын, сонымен бітсін осы шаруа деген тамаша идея менің мына қазан басыма сап ете қалды. Сөйтіп үйдегілер түскі асқа жиналған кезде оңтайлы сәт осы шығар деп, даладан жүгіріп кірген бойда, ешкімнің көзіне қарамастан, сол шәй ішетін бөлмеде тұрған флягтағы судан альюминий битонмен көсіп алып, басыма бір-ақ көтердім. Бәрі шу ете қалды, "өй, сенің аузың берік қой!". "Болды, бітті" деп қоям ішімнен. "Ойбай" деп өп-өтірік білмей қалған адамның рөлін сомдап жатырмын. "Бітті, сенің аузың ашылып кетті" деді біреуі. Сыр бермей тұрмын. Соңғы кесімді әкем айту керек. Бір уақытта әкем "білмей қалған болса түк етпейд, Алла өзі кешіреді" демесі бар ма! Ал, керек болса! Амал жоқ жұрттың бәрі тамаққа лап қойғанда мен байғұс басым салбырап басқа бөлмеге кеттім. "Азапқа толы" тағы екі күн өтті. Әлі бір ай ораза бар екенін ойласам қараптан қарап зәрем ұшып, иманым қасам болады. "Асқазаным ауырды" деп және бір өтіріктің басын шығардым. Қысқасы келесі күні түсте құдайды алдамақ болған Қуекең төмен қарап жұртпен бірге майлы кеспені соғып отырды дерсің... 
Менің өмірімдегі ұстаған оразамның басы да, соңы да осы болды.

Қуаныш Оспанның Фейсбуктегі жазбасынан

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
7 жыл бұрын 2940
1 пікір
  • Əр нəрсенің өз уақытында болғаны дұрыс. Балалықпен беті қайтып қалуы да мүмкін. 10 жасар қызым ұстаймын дегенде рұқсат берген жоқпын. Кішкене жауапкершілікті сезінгенде бастаған дұрыс деп ойлаймын.
    7 жыл бұрын
Блог туралы